Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиадада қазақстандық спортшы Ақмаржан Қалмырзаева 11-орын алды. Ол әйелдер арасындағы фристайлдан акробатикалық жарыста өнер көрсетті. Бірінші жаттығуында Ақмаржан құлап қалды. Ал екіншісінде техникалық қатеге байланысты секіруді орындай алмады. Бұған дейін Қазақстан құрамасының көшбасшысы Жанбота Алдабергенова жарыстың финалдық кезеңіне өте алмаған еді.
Ақмаржан Қалмырзаева, фристайлдың акробатика түрінен ұлттық құрама мүшесі:
- Барлық көрерменге, қолдағандарына рахмет! Өкінішке қарай, жағдай осылай, тек 11-орын бүгінге, рахмет.
Айта кетейік, жарыстың 12-ші күні қазақстандықтар бірден екі сайыста өнер көрсетеді. Шыңғыс Рақпаров шаңғы жарысы – трамплиннен секіру және 10 шақырымға жүгіруде бақ сынаса, Шерзод Хаширбаев ерлер арасында фристайл акробатикадан өнер көрсетеді. Бейжіңдегі Олимпиадада Қазақстан намысын небәрі 34 спортшы қорғайды. Қысқы спорт ойындары 20 ақпанға дейін жалғасады.