Қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сый–құрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт–дәстүрлері бар. Салт-дәстүр – өсіп келе жатқан баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің ұлт өкілі ретінде өсіп, үлгі-өнеге алуына әсерін тигізеді. Отбасындағы тәрбие, үлкендердің әрбір сөзі, ісі, мерекелік рәсімдер, салт-дәстүрге байланысты ұйымдастырылған шаралар – баланың қоғамдағы өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына әсер ететін алғы шарттар деуге болады. Салт-дәстүрдің үлгісін отбасында өнеге ретінде көрсете білген ата-ана баланың отбасына, ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға алғашқы қадам жасайды.