«Ата жолы» картасы: шет елден қоныс аударатын 50 қандас анықталды

Шетелде табысты бизнесі бар этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Тамара Дүйсенованың сөзінше, бүгінде «Отандастар» қоры қолында бар кәсібін тарихи отанында өрбітуге ниетті  50 қандасымызды анықтаған. Карта иелеріне ел аумағында азаматтығын сақтап, 10 жылға дейін тұрақты тұруға рұқсат беріледі. Бұған қоса, Қазақстанның консулдықтары қандастардың өтініштерін «бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады. Жаңа алгоритм 4 санат бойынша жүргізілуде. Біріншісі жұмыс берушінің сұранысы бойынша қажет кәсіп иелерін тарту. Сондай-ақ елімізде тұрып жатқан туыстарымен қауышу мақсатында қоныс аудару. Қандастар ел өңірлерінде халық санын мақсатында шақырту алуы мүмкін.  

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру тәртібі бар. Айта кететін жәйт, әлеуметтік пакет тек төртінші, яғни Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама алған қандастарымызға ғана беріледі. Жыл басынан бері Қазақстанға 13569 қандас бауырымыз келді, оның 8547-сі еңбекке қабілетті. Олар әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылған.

Жиында 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдасын іске асырудың өзге де бағыттары талқыланды. Құжатта еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін нақты шаралар қарастырылған. Мәселен, ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіліп жатыр. Мұндай виза иелеріне ел аумағында тұрақты тұру үшін 10 жылға ықтиярхат алу құқығы беріледі.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Қазір А-5 санатындағы инвесторлар шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды. Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілді. Әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерімізден «бір өтініш» қағидаты бойынша Жеке сәйкестендіру нөмірін және Электронды цифрлы қолтаңба беру рәсімі жеңілдетілді. Бұдан бөлек, инвестор-бизнесмендердің инвестициялық виза алуына қажет төменгі шекті азайту қарастырылып отыр.

Сондай-ақ Қазақстанға сұранысы бар кәсіптер бойынша шетелден мамандар тарту тәртібі бекітілді. Тапшы мамандық иесі елде тұрақты тұруға ықтиярхат алуға жеңілдетілген тәртіппен өтініш бере алады. Сондай-ақ рұқсат берудің жаңа қағидалары қабылданды. Білікті шетел маманы енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істей алады. Биыл шетел мамандарының квотасы 22 мың деп айқындалды.