Қазақстандық археологтар шамамен 10 жыл бұрын неолит дәуіріне тән қорымдарды ашқан. Осы уақыт ішінде мұнда көптеген құнды экспонат табылды. Жұмыс арнайы жүйемен жүзеге асырылады. Біріншіден, шаршылар қазылып, кейін олар кезең-кезеңмен аршылады. «Әр топырақ қабаты маңызды», – дейді ғалымдар. Себебі олардың әрқайсысы тың тарихи мәлімет береді.
Елена Лялина, археолог:
- Бізде аяқталған шаршы бар. Қазір қабырғаларын түзіп те қойдық. Оны кезең-кезеңмен аршимыз. Ол жердегі топырақ құрамын көрдік. Яғни қабаттары әртүрлі. Топырақтың қалай жиналғаны айқын көрініп тұр және жәдігерлердің қай қабатынан табылып жатқанын байқадық.
Павлодар облысының Аққулы ауданындағы қазба жұмыстары кезінде археологтар тұрмыс заттарын, еңбек құралдарын, жылқы және ірі қара малдың сүйек қалдықтарын тапқан. Бұл дегеніміз біздің дәуірімізге дейін VI мыңжылдықта адамдар жануарларды қолға үйретіп, мал шаруашылығымен айналысқанын дәлелдейді.
Сонымен қатар аймақтан сәндік-қолданбалы өнер белгілері де табылды. Бұған қыш ыдыстардағы өрнектер дәлел. Археолог Виктор Мерцтің болжамынша, бұл артефактілер Боборыкин мәдениетіне жатады.
Виктор Мерц, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Алтай өлкесінде кішігірім тұрақ кешендері бар, онда біздің дәуіріміздегіге ұқсас керамика кездеседі. Біз бұл ескерткішті алғаш зерттей бастағанда осы керамикаға назар аудардық, және оның Боборыкин мәдениетімен ұқсастығын айттық. Ең алыс аналогтары Ресейдің шығысындағы Тюмень ауданы, шамамен Екатеринбург маңынан шыққан. Сонда осы Боборыкин керамикасы анықталды.
Археологиялық құндылығы жоғары бұл аймақта әлі толық зерттелмеген бірнеше ескерткіш бар. Сондықтан зерттеу жұмыстары әлі жалғасуда.