Алакөлдің шығыс жағалауында демалушылар саны соңғы күндері күрт көбейіп, 3 есе артқан. Бұған өңірдің «жасыл» аймақта болғаны да әсер етті. Ал демалушылар 3 түрлі талаптың бірін орындауға міндеттелді. Олар COVID-19-ға қарсы екпе алғанын дәлелдеуі, ПТР-сынамасы бойынша теріс нәтиже анықтамасын немесе «Ashyq» қосымшасы арқылы «жасыл» не «көк» мәртебесін көрсетуі тиіс.
Ерзат Болатов, Үржар аудандық кәсіпкерлік, туризм бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі күні 188 демалыс үйі тіркелген. Алакөл жағалауы бойынша соның 141-і дайындық актісін алды. 118-і «Ashyq» қосымшасының QR-кодын алды. Сол демалыс үйлер демалушыларды қабылдап, жұмыстарын жүргізіп отыр. 2-3 күн ғана болды, демалушылар күрт көбейіп кетті.
Алтай Мұхамедияров, демалушы:
- Ине шаншыр жер жоқ. Бұл қасиетті жерге Шығыстан ғана емес, Қазақстан бойынша, Ресейден де, Германиядан халықтар келіп жатыр. Емдік қасиеті өте жоғары.
Айта кетейік, туризм саласын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасында Шығыс Қазақстан өңіріне айрықша көңіл бөлініп отыр. «Алтай маржаны» туристік кластері құрылды. Оған өңірдегі 8 аймақ еніп отыр. Олардың қатарында Берел қорғаны немесе Патшалар қорымы, Бұқтырма су қоймасы, Жидебай алқабы, «Қатонқарағай» ұлттық паркі бар.