Ақпанның бірінен жаппай вакцинациялау науқаны басталады

Коронавирустың алдын алу! Қазақстанда алдағы айдан коронавирусқа қарсы адамдарды жаппай вакцинациялау басталады. Науқанның бірінші кезеңінде 2 миллион қазақстандық егілетін болады. Жалпы жыл соңына дейін елімізде 6 миллионға тарта адамды вакцинациялау жоспарланып отыр.

Ең алдымен медицина қызметкерлері, мұғалімдер және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін егу көзделген. Үкімет отырысында қатерлі індеттің алдын алу шаралары қаралды. Үкімет басшысы Асқар Мамин халықты жаппай егу науқанына жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.  

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге медицина ұйымдарының 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етсін. Егу пункттерінде вакцинаны сақтауға арналған қажетті жабдық болуы тиіс. Сонымен бірге медицина қызметкерлерін оқыту қажет. Бір апта мерзімде егу пункттерінің әзірлігін және вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырамын.

Салалық ведомства басшысы Алексей Цойдың айтуынша, еліміздегі COVID-19 инфекциясының таралуына қатысты ахуал күрделі. Екі бірдей облыс сары аймақта тұр. Қызыл аймақтағы 5 өңірге, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Атырау облыстарына тағы да бір өңір қосылды. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысы. Министр қатерлі індетті жаппай жұқтырудың шарықтау шегіне қатысты түрлі болжамдарын келтірді. 

АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

 - Індетті жұқтыру деңгейі осы жылдың наурыз айының соңында көп тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін күтілуде, ал төсек қорының барынша қамтылуы 24 мыңға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, аталған сценарий кезінде қатаң карантин талаптарын енгізу жоспарланып отырған жоқ. Реалистік және пессимистік сценарий бойынша күн сайын 6 және 9 мың адам індет жұқтыруы мүмкін. Ал төсек қорының қамтылуы 45 мыңға дейін жетеді. Яғни КВИ-мен ауыратын науқастарға арналған орын 52 мың төсектен аспайды, бұл жағдайда денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсірмей, сапалы медициналық қызметті қамтамасыз ету үшін қатаң карантин талаптарын енгізу қажет болады.

Үкіметте мәлімделгендей, қазір отандық вакцина клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінен өткізіліп жатыр. Алдынала сынақтарға сай оның тиімділігі 96% құрайды.

Онымен қатар ресейлік «Спутник V» вакцинасының сапасы аттестациялануда. Бүған қоса, елімізде GMP стандарты бойынша вакциналар шығаратын биофармзауыт құрылысы жүргізіліп жатыр

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов