Оқиға былай болған. Шыңғысхан 1225 жылдың күзінде Хорезм жорығынан атамекеніне қайтып оралып, Туланың қара орманында хан ордасын тігеді. Келе сала алда тұрған Тангут (Си Ся) жорығына қамдана бастайды. Жорыққа байланысты ол өз ұлдары және қолбасшы, кеңесшілерін қара шаңырақта бас қосуға шақырады. Жошы «Денсаулығының ақаулығына» байланысты бұл жолы да келе алмады. Бірақ Хорезмнен келген Шағатай «Жошы қыпшақтарды жақын тартып алғаны соншалық ол ата жұртынан іргесін алысқа салып қана қоймай тіптен қара шаңыраққа қарсы бағытталған әрекет жасауы ықтимал», - деген хабар жеткізеді. Оның үстіне дәл осы кезде Маңғыттық біреудің: «Жошы хан есен-аман Қыпшақ даласында бөкен аулап жүр, - делінетін хабары Шыңғысханды шынымен қаһарына міңгізеді. «Жошы бізге жау болды, ол жынданған екен», - деп қаһарланған Шыңғысхан Өгөдэй, Шағатай қолын Жошыға қарсы аттандырып, өзі ұлдарының соңынан атқа қонбақшы болып жинала бастайды. Дәл осы сәтте «Жошы дүниеден өтті» деген оқыс хабар келіп жетеді.