Қазақстандық аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі Дүниежүзілік медициналық білім беру Федерациясы тарапынан мойындалды. Бұл әлемдегі денсаулық сақтау мекемелері мен оған қатысты оқу бағдарламаларын сынауға берілген құқық. Бұл жөнінде елордада 5-ші Орта Азиялық форумында айтылды. Отандық ұйым мұндай мәртебеге ие болған ТМД елдерінің ішінде ең алғашқы яғни әзірге жалғыз агенттік.
Еске салайық, 2024 жылға дейін әлемдік білім беру кеңістігіндегі барлық медициналық оқу орындары білім беру сапасын арттыру үшін оқу бағдарламаларын халықаралық талаптарға сай аккредитеуден өткізуі тиіс.
Айта кетейік, қазақстандық агенттік жоғары, техникалық, кәсіптік білім беру бойынша да сапалы оқумен қамтамасыз ету жүйелерін сынау мүмкіндігіне ие беделді халықаралық ұйым. Бүгінде ол Еуропа мен Орталық Азияның 11 елінде мамандандырылған қызмет көрсетеді.
Алина Жұмағұлова, Қазақстандық аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің бас директоры:
- Біз туралы әлемдік қауымдастық жақсы біледі. Өйткені басқа елдердің жоғары оқу орындары бізге шығып, агенттіктің аккредитациясынан өтіп тұрады. Мәселен бізді өздері іздеп тіпті Жаңа Зеландия, Барбадостан қоңырау шалып осы қазақстандық агенттіктің қызметін пайдалануға ниет танытып жатады. «Ол елдер біз жайында қайдан біледі?» деген сұрақ туындайды. Бұл біз беделді әлемдік желілерде бармыз дегенді білдіреді. Олар сол сайттарға кіріп агенттіктердің қызметтерін бағалап, бізді таңдайды.
Нұрлан Омуров, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Біздің елдің ұлттық тізімінде 7 аккредитациялық агенттік тіркелген. Оның бірі шетелдік болса, өзгелері өзіміздің аккредитациялық агенттіктеріміз. Біздің нарығымызда қазақстандық ұйым білім мекемелерінің оқу бағдарламасын сынайды. Біз оны дұрыс қабылдаймыз, өйткені бұл трансфер. Халықаралық агенттіктердің талабына сай технологияны салыстыру, екіжақты шеберлік алмасып тәжірибе бөлісу.
Жалпы 5-ші Орта Азиялық форумның аясында жоғары білім сапасын қамтамасыз ету, жаһандық тенденциялар және аймақтық аспектілер жайы қозғалды. Онлайн және офлайн форматта өткен Халықаралық форумға 10-нан астам елден 600-ге тарта адам қатысты.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов