Еліміздің аумағында алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран Кәрім мен қазақ тарихына байланысты аса құнды деректер Ұлыбританияда табылды. Тұманды Альбионның бірнеше қаласындағы кітапханалар мен Ұлыбританиядағы бас архивті зерттеген қазақстандық ғалымдардың еңбегінің арқасында халқымыздың өткен тарихының жаңа беттері ашылмақ. Мәселен, енді қасиетті Құран Кәрім түркі тіліне алғаш біздің елде аударылды деп нық сеніммен айтуға болады.
Алмат Абсалықов, Қолжазбалар және сирак кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы:
– Біз Англиядан, Манчестердегі Джон Райланд кітапханасынан Қараханид кезеңіндегі Құранды әкелдік. Ол Құран шамамен, Х-ХІІ ғасырда жазылған. Оның ерекшелігі – алғашқы Түркі тіліне аударылған Құран. Ахмад-Заки Вкалиди және басқа да шығыстанушылардың пікірі бойынша, Құран Қазақстанның оңтүстігінде аударылған. Испиджаб және Аргу деген аумақта.
Ғалымдар ашаршылық кезінде Шығыс Түркістаннан басталып, Гималайды қиып өтіп, Үндістан арқылы Түркияға дейін жеткен тар жол, тайғақты көш туралы деректер Тұманды Альбионда болуы мүмкін деп жорамалдаған еді. Үміт ақталып, іздеген мәліметтер табылды.
Сонымен қатар, «Түркістан, Түркия, Парсы, Әзірбайжан арасындағы хат алмасу» деп аталған 50 томдық құжаттың бір тарауы Мұстафа Шоқайға арналғаны белгілі болды. Бұл деректер Ұлыбритания архивінде ұзақ жылдар құпия құжаттар санатында болған.
Гүлсім Бисенова, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің жетекші сарапшысы:
– Біз Мұстафа Шоқай туралы құнды мәлімет таптық. Бұл мәліметке анықтап, тоқталатын болсақ, Мұстафа Шоқайдың 1919 жылы Тифлис қаласындағы «Слово» газетінде жарияланған мақаласы. Бұл мақалада ол 1919 жылы Түркістандағы қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайы туралы мәліметтер берілген.
Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің жаратылыстану тақырыбындағы ғылыми еңбегінің қолжазбасы Англия архивінде жатқан болып шықты. Сонымен қатар, алғашқы шығыстанушы, қоғам қайраткері Серәлі Лапин туралы «Антибольшевик» атты құпия құжаттың көшірмесі табылды. Отандық ғалымдар енді оларды жіті зерттемек.
Айта кетейік, мұның барлығы қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мамандарының ұлыбританиялық әріптестерімен тығыз әріптестігінің жемісі.