Бағдарламамыздың шығармашылық ұжымы Алматының төрінде болып жатқан ұлан асыр тойға аттанды. Бұл мерекелік шараға тек отандастарымыз ғана емес, негізгі қонақтар шетелдерден келген. Өйткені мерекеде дүние жүзінің көшпелі халықтарының басы қосылуда. «Ұлы дала көшпенділер әлемі» деп аталған халықаралық этнофестиваль «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде кең жайылымдай орын тепті.
«Боралдай сақ қорғандары» – Алматы аумағында ерте темір ғасырынан сақталған жалғыз ескерткіш. Ол қаланың Алатау ауданында, Үлкен Алматы мен Боралдай өзендерінің арасында орналасқан. Археологиялық кешен 47 сақ және үйсін қорғандарынан тұрады. Олардың ең үлкенінің биіктігі – 14 метр, ал диаметрі 100 метрден асады. Бұндағы екі басты нысан – бұрынғы сақ тайпасының тұрмысы жайлы – ортасынан жарылған қорған мен ежелгі сақ тұрғын үйінің макетін көруге болады. Міне бүгінгі фестиваль осындай тарихи өлкеде өтпек.
Фестивальге кезіндегі сақтар, ғұндар, моңғолдар мен түркілердің ұрпақтары жиналған. Онда әлемнің 12 мемлекетінен келген өнерпаздар мен танымал спортшылар қатысуда. Бұл жиында тек көшпелі халыққа тән әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ән-жырлар, ұлттық ойындар мен қол өнерлері насихатталды. Ендеше, өзге ұлттардың дәстүрі біздікімен қаншалықты ұқсас екендігін салыстырып көрейік. Ол үшін бағдарламамызға үңіліп, көшпенділер әлемімен толығырақ танысыңыз!