Ғылыми экспедиция Вьетнамда... Моңғолдар мен вьетнамдықтар арасындағы 30 жылға созылған соғысқа бабаларымыздың қандай қатысы бар? Вьетнам тарихшылары қолбасшы Сидур туралы не айтты? Атақты Құбылай ханның ең сенімді гвардиясы қыпшақтардан құралғаны рас па?
«Әлем азаматы» Cапар Ысқақ бастаған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы бағытын Оңтүстік-шығыс Азияға бұрды. Жер шарының бұл бөлігіне де ата-бабаларымыздың табаны тиген. Алғашқы аялдама – Вьетнам. Вьетнам – Үндіқытай түбегінде орналасқан ел. Оңтүстігінде Лаос, Кампучия, солтүстігінде Қытаймен шектеседі. Шығысы мен оңтүстігін Шығыс Қытай теңізі шайып жатыр. XIII ғасырда осы теңіз арқылы Юань империясының әскері шекараны бұзып кірген.