Әлем коронавирус инфекциясын толыққанды еңсеруге бет бұруда – барлық ел COVID-19-ға қарсы вакцина егу шарасын бастап кетті. Танымал вирусологтардың өзі адамдар қалыпты өмірге қайта оралады деп сенім білдіруде. Дәл қазір әлем елдерінде не болып жатыр? Карантин кімдердің қалыпты өмір дағдысына айналды? Қашан бетпердесіз жүре аламыз?
Күн сайын COVID-19-дан көз жұмғандар саны артуда, осы жылдың ақпан айының басында қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 100 миллионнан асты, оның 2 миллионнан көбі індет құрбанына айналды. Өткен жылдың желтоқсан айында үміт сәулесі жылт еткендей болды – бүкіл әлемде вакцина егу басталды. Кенеттен Ұлыбританияда COVID-19 вирусы мутацияланып, вирусологтар тығырыққа тірелгендей күй кешті. Белгісіз вирус түрін елге таратпау мақсатымен елдердің көпшілігі Лондонмен әуе қатынасын тоқтатты. Ал Ұлыбритания кезекті қатаң шектеу шараларын енгізді.