Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әр қайсысына бір-бір жебе оғын алып келуді бұйырады. Тіпті бұйрыққа бағынбағандарды өлім жазасына кесілетінін ескертеді.
Дүйім жұрт патша әмірін орындаған соң, барлық жиналған оқты балқытып, металлдан бұрын соңды болмаған дүние жасайды. Бұл – алып Тайқазан еді. Көшпенділердің жорық кезінде алып жүретін үлкен қазандары болғаны белгілі. Бірақ мына қазанның жасалуы да, қызметі де ерекше, мұны жасауға сансыз жауынгер қатысып, әрқайсысы өз үлесін қосқан.
Жылдар бойы тайқазанның ғажайып көрінісі көптің аузынан түспеген. Уақыт өте келе ұлан ғайыр далада ізі жоғалған бабалардың киелі жәдігеріне айналды. «Ариант тайқазаны» туралы аңыз сақ патшасының есімін әлем тарихына енгізді.