Бұл шығарылымда Шу өзенінің бойын, Мойынқұм шөлін, Хантау және Аңырақай тауларын аралайды. Осы өлкенің аң-құстарымен танысып, сексеуіл ормандарын қалпына келтіру жұмысы қалай жүріп жатқанын көреміз және археологтар командасымен бірге жүріп, Аңырақай шайқасы өткен жерді іздейміз.
Жазба деректерде Шу өзенінің аты алғаш рет будда монахы Сюаньцзанның естеліктерінде аталады. Бұл монах ел кезген уағызшы, әрі Таң империясының тыңшысы ғана емес, қазіргі тілмен айтқанда, тревел-блогер болған еді. Сюаньцзань Тянь-Шань тауларындағы белдерден асып, Ыстықкөлдің жанынан шығады, сөйтіп, Батыс-Түрік қағанатының қағаны қыстап отырған Суяб шаһарына барады. Суяб қаласы - өзімен аттас Суяб өзенінің алқабында орналасқан еді. Кейіннен бұл өзен өзінің арнасын да, атауын да бірнеше рет өзгертті. Оның аты: Суяб, Суй, Джу, Шу болып жалғасты. Дегенмен, зер салып тыңдаған адам, бұл сөздердің түбірі ортақ екенін аңғарады. «Шу», «су» сөздері әртүрлі тілдерде «өзен» немесе «су» деген мағына береді. Бұл атаудың мағынасы тереңде жатыр.