«Салауатты ұлт» бағдарламасының кезекті шығарылымында Қазақстандағы алғашқы жабық шағын футбол алаңымен танысасыздар. Сондай-ақ қазақ футболының аңыз ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиевпен сұхбат құрылады.
Әдеттегідей челлендж де ұсынылады. Ал бағдарлама соңында елдегі әйелдер боксы туралы айтылады.
Жуырда қазақ футболындағы жарқын тұлғалардың бірі Нұрбол Жұмасқалиев 40 жасқа толды. Ол 2018 жылдан бері спорт менеджері қызметін атқарып келеді. Футболшы кезінде бірнеше рекорд орнатты. Біріншіден, Қазақстан чемпионатында ең көп матч өткізді. Екіншіден, онда бәрінен көп гол соқты. Бұл жетістігі үшін «Тобыл» 9-шы нөмірлі жейдені Нұрбол Жұмасқалиевқа бекітіп берді. Енді бұл нөмірмен қостанайлық командада ешкім ойнамайды.
Нұрбол Жұмасқалиев спорттық ғұмырын «Тобылда» өткізді. Уақыт өте келе клубтың аңызына айналды. Бірақ Нұрбол Оралда дүние есігін ашты. 11 жасынан бастап алматылық «Намыс» клубының интернатында футболдың қыр-сырын меңгерді. Кейін футболшы болып қалыптасты. Нұрбол Қазақстан біріншілігінде 526 ойын өткізіп, 167 гол соқты.