Қазақстанда су көздерін қорғау талаптары кеңейтіледі. Бұл ретте елімізде бар шағын көлдер мен өзендердің сақтығына басымдық берілмек. Ал, отандық кәсіпорындар тіршілік көзін үнемдеу үшін оны қайта пайдалануға міндеттелуі мүмкін. Елде суды ұтымды пайдалану қамындағы тың әдістер жаңа кодекске енгізілген. Салалық құжатты Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Бейілді Ведомство басшысының айтуынша, кодексте су ресурстарын сарқылу мен ластанудан қорғауға басты назар аударылып, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке маңыз берілген. Мәселен заң жобасына «су қауіпсіздігі» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен тіршілік көздерінің ластану тәуекелдерінен қорғауды көздейді. Биыл бұл бағытта Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы және Саланы дамытудың кешенді жоспары бекітілді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Бүгінде 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау жоспарда тұр. Сонымен қатар шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады. Берілген барлық тапсырмаларды орындау кезінде, демек 2030 жылға қарай 10 млрд текше метрге дейін су жинақталып әрі үнемделетін болады. Басқа уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан жерасты су ресурстарын басқару функциясын Министірлікке беру көзделген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

