Қазақстанды жасыл оазиске айналдыру. Көгалдандыру жолында ең алдымен еліміздің жасыл желекке зәру аймақтары басты назарға алынбақ. Ондағы қураған ағаштар мен әбден тозып, құнарлығын жоғалтқан жерлер қалпына келтіріледі. Бұл мақсатта жаһандық экологиялық қор бағдарламасы аясында Халықаралық қайта құру және даму банкі Қазақстанға 4,3 млн доллар қаржы бөлді. Жоба 2021-2025 жылдар аясында жүзеге асырылады.
Аян Мейраш, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:
- Ол қаржы аясында құнарлығын жоғалтқан жерлерді ағаш егу арқылы қайтадан қалпына келтіру көзделіп отыр. Қызылордадағы Арал проблемасын шешу жолында біраз шаруалар жасалатын болады. Елорданың айналасындағы «жасыл аймақты» Қызылорда қаласының маңайында да жасау қарастырылуда.
Атап айтсақ, Арал теңізінің құрғаған түбіндегі 300 мың га орман қорының жерлері картаға түсіріледі. Қосымша 50 мың га ағаш отырғызылады. Өңірді тоғайлы өлкеге айналдыру үшін жыл сайынғы өнімділігі 4 млн дана сексеуіл өсіруге жететін көшет алаңы мен орман тәлімбағы құрылады. Облыс орталығының айналасына 3 мың га жасыл аймақ түзіледі.
Аян Мейраш, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:
- Бөлінген қаражат ағаш егуге барлық мүмкіндіктерді жасап, секциялық орталықтар секілді ағаш дәнді-дақылдарын өсіретін жаңа орталықтар жасауға жұмсалмақ. Айта кету керек, бұл екіжақты келісім ел Президентінің жолдауына қатысты 2 млрд ағаш отырғызуды сапалы түрде жүзеге асыруға үлкен себепкер болатыны сөзсіз.
Сондай-ақ игі бастама Қызылорда және Жамбыл облыстарының орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Бұған қоса жоба аясында Түркістан облысының есепке алынбаған ормандары түгенделеді. Ақмола өңірінде орман тұқымдарының генетикалық банкі құрылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов