Қазақ күресінің тарихы туралы кітап жарыққа шықты. Елордада ұлттық спортымыз жайлы туынды ресми түрде таныстырылды.
Спорт журналисі Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» кітабында ұлттық күресіміз туралы қызықты жайттар ғана емес, оны дамытуға ерекше үлес қосқан балуандар жайлы да бұрын-соңды жазылмаған тың деректер келтірілген. Онда сақ дәуірінен келе жатқан белбеу күресі туралы да жаңа мәліметтер бар.
Автордың айтуынша, бұл шығарма спорт сүйер қауым үшін қызықты деректер жинағы ғана емес, болашақ балуандарға әдістеме ретінде де пайдалы болады. Тың туынды ұлттық кітапханалар мен спорт мектептеріне сыйға тартылмақ.
Ақын Ордабайұлы, кітап авторы:
– Бұл кітап қазақ күресіне еңбегі сіңген 21 бапкер жайлы. Әр облыста айлығы шайлығына жетпесе де, осы ұлттық спортты қалай дамытсам деп, бота-балуандарды Әлем, Азия, Еуропа кубоктеріне даярлаған. Қазір қазақ күресінен Әлем чемпионаттары да өтеді. Сондықтан, оған қоса, жүлде алып жүрген палуандардың еңбегі насихатталып отыр. Өзіміздің ұлттық күресімізді дәріптемей, қалай біз басқа елдің күресін қызықтаймыз?