Коронавирус шегіне бастады. Қазақстанда соңғы 2 аптада қатерлі індеттің таралуы 17% бәсеңдеді. Соңғы 1 ай ішінде тәуліктік сырқаттану көлемі 2 еседен астамға азайған. Ал өткен 2 айдан бері дертке шалдығу деректері 3,8 есеге кем тіркелуде. Осы аралықта өлім-жітім көрсеткіші 3,6 есе төмендеді. Есесіне 25 тамыздан бері елімізде COVID-19-бен күреске жұмылдырылған 103 нысан жабылды. Яғни 30 мыңнан астам төсек-орын қысқарды. Қазір инфекциялық төсек орындар 34% толы, ал реанимациядағы жүктеме 29% құрап отыр.
Эпидахуалдың тұрақтануы мен вакциналауға жататын халықтың 70% астамын екпемен қамтығанын ескере отырып, биылдың 20 қазанынан бастап карантиндік шектеу шараларын жеңілдету ұйғарылған. Бұл жөнінде Үкімет отырысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.
Алесей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Келушілер COVID-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алғаны туралы құжатты немесе нәтижесі 3 тәуліктен аспаған ПТР-анықтамасын ұсынған кезде қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі сияқты медициналық-әлеуметтік объектілердің пациенттеріне баруға рұқсат беріледі. Түнгі клубтардың қызметі тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға арналатын болады. Олардың толымдылығы 50% дейін, бірақ «жасыл» аймақта 100 адамнан, «сары» аймақта 70 адамнан, ал «қызыл» аймақта 50 адамнан артық емес болуы шарт. «Ashyq» жобасына қатысатын бизнес объектілерінің жұмыс уақыты «жасыл» аймақта сағат түнгі 03:00-ке дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшылары таңғы сағат 05:00-ке дейін, «сары» аймақта сағат түнгі 01:00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшылары сағат 03:00-ке дейін ұзартылады.