ЕАЭО елдері электрондық сауда жөніндегі бірыңғай оператор құрады

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде электронды сауда операторлары институтын құру ұсынылып отыр. Ол ортақ талаптарға бағынатын бірыңғай жүйе болғанымен, әр елдің ұлттық операторы бекітіледі. Ол арқылы шетелдік интернет-алаңдардан тапсырыспен алынған жеке тұтынуға арналған тауарлар өтетін болады. «Бұл алдымен кедендік рәсімдеу үрдістерін оңтайландырудың қамы», – дейді мамандар.

Оператор жеке тұлғалар үшін кедендік салықтарды есептеу мен төлеу және электронды декларацияны беруді қамтамасыз етеді. Бірыңғай экономикалық кеңістікке тек одақтың техникалық талаптарына сай келетін тауарлардың келуін қадағалайтын болады. Есесіне, трансшекаралық интернет-сауданың әкімшілік кедергілері мен қағазбастылық жойылады. Түпкілікті мақсат – халықты сапалы әрі қауіпсіз тауармен қамтудың уақытын барынша қысқарту.

Мақсат Мамытқанов, ЕАЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі:

- Егер де біз электронды сауда операторларына осындай оңтайлы жағдайларды жасамасақ, онда интернет алаңдардан сатып алған тауарларын кедендік тазартудан өткізу үшін әр азамат кедендік қызметтерді аралап, өзімен қажетті рәсімдеу құжаттары мен рұқсат қағаздарын, тауардың сәйкестік сертификатын ұсынуы керек. Тіпті қарапайым тілмен айтсам, біз азаматтарды осындай істерге жұмсайтын уақыт машақатынан босатамыз. Осы мәселеге қатысты, кедендік электронды декларация тапсыру, салықтық төлемдер сынды барлық қажетті әкімшілік істерді электронды сауда операторлары өз мойындарына алатын болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов