Өнер әлемінде танысып, сахнада табысқан жұлдызды жұптар. Отбасылық қарым-қатынастары мен шығармашылық бірлестіктері жайында «Азия өрнегі» бағдарламасында.
24 жастағы орындаушы Айдана Дека аз ғана уақыттың ішінде тек қырғыз жұртына ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда да танылып үлгерді. Ол алғаш рет «Кыздың сыры» әнімен кәсіби сахнаға шығып, тыңдарманның жүрегін баурап алды. Айдана бала кезінен музыкамен айналысады. Бірнеше байқауға қатысып, лауреат атанған. Қазіргі таңда k-pop стилін насихаттап жүр. Айдана көңіл-күйді көтеретін әндерге көп мән береді екен. Өйткені ол замандастарын жігерлендіріп, жағымды эмоциялар сыйлауды көздейді.
Аваз Акимов – Қырғыз музыка индустриясындағы танымал орындаушылардың бірі. Оның жасы 31-де. Ал сахнада жүргеніне он жылдан астам уақыт болды. Әнші бала кезінен музыкаға құштар болған, аккордеон мен комуз аспаптарында ойнайды. Аваз халық әндері және қырғыз авторларының шығармаларын насихаттаушы ретінде тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Осы орайда соңғы кездері Айдана мен Аваз жиі дуэтпен ән орындап жүргенін айта кеткен жөн. Олар – шығармашылық тәжірибе жасаудан жалықпайтын, ізденуден шаршамайтын жандар. Оған қоса, керемет отбасылық жұп.