Кез келген бала ата-анасының көңіліне мұқтаж. Әйтсе де бүгінгі таңда әкелер мен аналардың күнделікті шаруаларының көптігі соншалық, тіпті балаларына уақыттарын бөле алмайды. Мұндайда оларға дамыту орталықтары, бала бақшалар, спорт секциялары көмекке келеді. Ондағы жаттықтырушылар мен тәрбиешілер дүниетану мәселелері бойынша қолдары тимейтін ата-ананың орнын басады.
Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз - білімпаз бала, болашақ ғалым Егор Банный болса, бала бақшаны да, дамыту орталықтарын да көрмеген. Оны қаршадайынан білім әлеміне жетелеп әкелген – анасы.
Натальяның мамандығы байланыс инженері, алайда ұлын босанғаннан кейін ол ананың басты міндеті – баласына көңіл бөліп, бағып-қағу деп шешеді.
Егор туылғаннан кейін бірнеше айдан кейін Наталья оған арнап өз оқыту жүйесін ойлап табады, оның бұл еңбегі тамаша нәтижелер береді. Қазір Егордың жасы небәрі 7-де, соған қарамастан оның білімі кез келген жанды таңғалдырады – математикадан, химиядан пәндерінен алғыр, физика мен географиядан да көп сұрақтардың жауабын жақсы біледі.
Егорды танымал тележүргізуші Максим Галкин өзінің «Лучше всех» атты шоуына шақырды. Болашақ ғалым келешекте ядролық физик боламын деп бағдарламаның мыңдаған көрермендерін сүйсіндірді. Дүйім жұрт алдында бала өзіне әзірленген сұрақ-жауаптан сүрінбей өтіп, дүниетанымының кеңдігімен көпшілікті таңғалдырды.