Қазақстанда алдағы 4 жылға «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Жалпыұлттық жобалардың бәрін ескерсек, елді мекендерді жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланған. Осылай деп Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.
Бағдарламамен даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл қамтылады. Оның шарапатын 7 миллионға жуық адам татитын болады. Бұл – ауыл халқының шамамен 90%. Бағытталған қаржы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын және әл-ауқатын едәуір арттыруға жұмсалады. Аймақтарда жаңадан әлеуметтік нысандар бой түзеп, оқу ордалары салынады. Нәтижесінде 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылатын болады. Өңірлерге жоғары жылдамдықты ғаламтор желісі жетеді. 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Күре жолдардың 95% жақсартылады. Маман тапшылығы шешіледі. Нәпақа табудың жаңа көздері ашылады.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- 2025 жылы ауылдық жерлерді сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтуға қол жеткізіледі. Кент ішіндегі 10 мың шақырым жол жақсартылады. 12 мың шақырым инженерлік желі, 1,1 мың денсаулық сақтау нысаны, 1,7 мың спорт, 1,5 мың мәдениет нысаны салынып, жөнделеді. 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады. Еңбек өнімділігі 2,5 есе өседі, 500 мың жұмыс орны құрылады және 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттыра алады. «Ауыл – ел бесігі» жобасының іс-шаралары ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын айтарлықтай жақсартады және ауылдық аумақтардың дамуына жаңа серпін береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов