Әуезхан Қодар бала кезінен ауыр сырқатқа шалдыққан болатын, бірақ мойымай, рухын түсірмей, өз заманының көрнекті зияткерлерінің біріне айналды. Әуезхан сегіз қырлы бір сырлы тұлға, шексіз дарын иесі болатын. Екі тілде де еркін жазатын, ал бұл қасиет қаламгерлер арасында сирек кездеседі. Әрине, аударма ісімен де айналысатын. Сонымен қатар, Әуезхан Қодар түркі мифологиясы тақырыбында керемет зерттеулер жүргізген мәдениеттанушы болды. Ол Қорқыттың тұлғасына ерекше көңіл бөлді, себебі атақты қобызшының туған жерінде дүниеге келген болатын. Әуезханның тағы бір қыры – әдеби серіктестік. Ол журнал шығарып, дарынды жастарға қолдау көрсетіп, Қазақстандағы әдебиет саласының дамуына барынша атсалысты.
«Барсакелмес табалдырығы» романының бас кейіпкері – Ағзам Ағзамұлы деген кісі, кезінде депутат болған, кейін билік пен беделге ие нағыз маңғаздың, «ағатайдың» өзіне айналды. Міне, осы «ағатайымыз» күндердің күні өз үйінде емес, басқа жерде оянады, оның үстіне, түрі де өзгеріп кеткен.
Кейіпкердің басынан кешкен шытырманға толы хикаялары осы сәттен басталады. Ағзамды жүргізушісі танымай, қызметтік көлігіне отырғызбай қояды. Хатшы қыз да бұрынғы бастығын кабинетінен қуып шығады. Оның пәтеріне еңгезердей бір жігіт көшіп келіп, тіпті оны милицияға ұстатып жібереді. Ағзам абақтыға қамалады, ол жерде Битлздың әндерін қазақ тіліне аударған зор денелі жігіт пен ХХ ғасыр мәдениеті жайлы ой толғайтын кітапқұмар кісімен бірге отырады.
Оқиғалардың жылдам ауысатыны сондай, 90-шы жылдардағы бейнекассетадан атыс-шабысқа толы кино көргендей болып, шытырман оқиғалар арасынан әңгіменің желісін жоғалта жаздайсың.
Жазушы 90-шы жылдардағы болған абсурдты көрсетпекші болып, сюжетте әдейі ұятсыз, арсыз дүниелерді көрсетеді.
Кітапта ондай толғамдар көп. Адами қасиет пен рухтың құлдырауы жайлы. Дін мен атеизм жайлы. Капитализм мен коммунизм жайлы.