Қарапайым жылқы сағатына 44 км жылдамдықты бағындырады екен. Ал әлем бойынша тіркелген ең жоғарғы жылқы жылдамдығы – сағатына 89км. Жылқының жүйрік немесе жүйрік емес екенін қалай анықтауға болады? Бүгінгі бағдарламаны қазақтың атбегілік өнері, жалпы жылқының бітім болмысы мен оның сынына арнаймыз. Жұтынған жүйрік мініп, жұлқынған қыранды қолға қондырған қазақ халқы үшін атбегілік өнер – атадан балаға дарыған қанында бар қасиет. Сайын даланы еркін жайлап, саф ауасын таңдап жұтып, сары қымызын сапыра ішіп, шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпарды дөп таңдап мінетін халқымыздың атбегілік өнері тылсым сырға толы. Бұл өнер 1 күнде пайда болған жоқ. Сан ғасырдан бері көшпелі тұрмыстың қанатына баланған жылқы түлігін баптап бағудың қазақ халқында ерекше мектебі қалыптасқан. Яғни атбегілік өнер – көшпенділердің генеологиялық жадында сақталған баға жетпес құндылық.