«Жетісу – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы». Дәл осындай атаумен Алматы облысында қолөнер шеберлерінің этнофестивалі өтті. Іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Шеберлер жібек, жүн, киіз, былғары, ағаш және табиғи тастардан жасалған бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды.
Зайыт Сәйділхан, қолөнер шебері:
- Тортөбел мүйіз қылып жасалған өрнектің үзінділерін байланыстырсаңыз олар жүрек силуэтіне айналады. Сыңар мүйіз білезіктерді тұрмыс құрмаған қыздар тағады. Ал әжелер төбел мүйіз қылып, шеңбер араластырып нүктелер салған білезік тағады, үйде береке болсын, ұрпақ жалғассын деп ырымдайды.
Анаргүл Жаманқұлқызы 10 жылдан астам уақыт бойы киізден ұлттық киім тігумен айналысып келеді. Шебер тіпті әйелдерге арналған топтама жасап шығарған. Оның пікірінше, экологиялық таза материалдан ең батыл және әдемі киімдер шығады. «Өскелең ұрпақ арасында ежелгі қолөнер танымалдылығын арттырған жөн», - деп санайды ұйымдастырушылар.
Әйкеш Мұқашева, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:
- Бұл өскелең ұрпаққа шыққан тегін ұмытпауы үшін, ұлттық мұрамызды әрі қарай жалғастыру үшін керек. Бүгінде 21 ғасырда өзекті, себебі адамдар көбіне батыс мәдениетіне еліктейді. Мен осындай іс-шаралардың көп болғанын қалаймын.
Бұл этнофестивальді дәстүрлі шараға айналдыру жоспары бар. Осы мақсатта қоғамдық бірлестіктер мен туристік компаниялар арасында меморандум жасалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеберлер фестивалі этно және агротуризмді дамытудағы аймақтың визит картасы болмақ.