Шанхайда алғаш рет Абай оқулары өтті. Іс-шарада ұлы ақынның әдеби және музыкалық шығармалары орындалды. Сондай-ақ көрермен қытай және ресейлік әншілердің орындауында Абайдың танымал әндерін тыңдады. Кеш аясында Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі Шанхай кітапханасына Абайдың қытай тіліне аударылған шығармалар жинағын тарту етті.
Азат Изоллаұлы, тарихшы:
- Шығыстың меруерт қаласы атанған Шанхай қаласында қазақтың рухани атасы, дала өркениетінің тірегі болған Абай шығармалары, өлеңдері, ұлы қара сөздері туралы тұңғыш кезекті концерт өтті. Бұл өте сәтті өткен іс-шара болды.
У Айчжун, Шанхай шет тілдер университеті Орталық Азия тілдері факультетінің деканы:
- Абай – Қазақстанның белгілі ойшылы, сазгер. Оның өлеңдері көптеген тілге аударылған. Біздің факультетте де аудармалары бар. Бізде студенттер қазақ тілі мамандығы бойынша білім алады. Болашақта олар да осы іс-шараға қатысады деп сенеміз.
Ал Түркияның Алания қаласындағы саябаққа Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, ұлы ойшылдың ескерткіші орнатылды. Салтанатты ашылу рәсімінде ұлы ақынның «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Сегіз аяқ» секілді басқа да әндері орындалды.
Адем Мурат Южел, Алания муниципалитеті басшысы:
- Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Аланияның халқына тарту етіп отырмыз. Ұлы ойшылдың есімі ақындар аллеясындағы саябақтан берілуі бекер емес. Себебі осы жерде түріктің белгілі 37 ақынының ескерткіші бой көтерген. Абай Құнанбайұлы саябағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нышаны деп білемін. 100-ден астам ұлт өкілі өмір сүретін мекеніне, түбі түркі жұртының ортақ тұлғасының есімі жарасып-ақ тұр.