Қазақстанның жер-су және елді мекендерінің байырғы атауларын жаңғырту. Өткенді түгендеу қамында «Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты кітап-альбомы жарық көрді. Ғылыми еңбек еліміздің мемлекеттік мұрағат деректері және Омбы облыстық тарихи архивінің топографиялық карталары негізінде жасалған. Зерттеу материалдары 18-ші ғасырдың екінші жартысы мен 20-шы ғасырдың басына дейінгі аралықты қамтиды. Оның ішінде қоныс аудару құжаттары мен дала генерал губернаторларының жер-су атауларына қатысты бұйрықтары және қызметтік хаттарының көшірмелері сараланған. Нәтижесінде Ақмола өңірінің 64 елді мекенінің тарихи атауы анықталды. «Елді мекендердің 40% атауы кезінде өзгертілген күйде қалған», – дейді кітап авторы Ирина Бекзатқызы. Сондықтан да бұл осы бағыттағы зерттеу жұмысының бастауы екенін айтады. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Павлодар аймақтарында дәл осындай зерттеу жұмыстарын қолға алу көзделген.
Ирина Бекзатқызы, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкері:
- Қазіргі таңда елімізде өзге тілдегі атаулар өте көп. Сондықтан да елді мекендердің қазақша, тарихи атауын қайтару керек деп есептейміз. Біздің зерттеуіміздің де мақсаты осы. Алдағы уақытта зерттеп, жазып қана қоймай республикалық ономастикалық комиссияға ұсыну жоспарлануда. Егер қолдау тауып жатса, бұл елді мекендер байырғы, тарихи атауларын қайтарып алады деп ойлаймын.