АЭС салуға қатысты референдумға 30 елден байқаушы келеді

Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдумға өзге мемлекеттерден келетін бақылаушылардың өтінішін қабылдау аяқталды. Осылайша, ресми тіркеуден барлығы 177 байқаушы өтті. Яғни, 30 шет мемлекеттің және 4 халықаралық ұйымның өкілдері алдағы референдумды қадағалайды. Сондай-ақ, Белорусь, Әзербайжан, Тәжікстан және Өзбекстан орталық сайлау комиссияларының төрағалары келеді деп жоспарланған.

Мұхтар Ерман, Орталық референдум комиссиясының хатшысы:

- Қазіргі таңда байқауға қатысатын халықаралық ұйымдардың қатарында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бар.

Сондай-ақ, референдумнан бірқатар шет елдің бұқаралық ақпарат құралдары хабар тарататын болады. Жалпы бүгінде барлығы 38 мемлекеттен 200 тілші тіркелген.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Сыртқы істер министрлігінде тұрақты негізде 14 елден 38 Бұқаралық ақпарат құралдарынан 162 тілші аккредиттелген. Олар референдумды бақылауға құқылы. Министрлік бұл жолы бұған қоса тағы 38 шетелдік тілшіге референдумға қатысуына уақытша рұқсат берді.

Айта кетейік, шет елде жүрген қазақстандықтар үшін 61 мемлекетте 76 учаске ашылған. Барлық дауыс беру орындары әлемде соңғы уақытта таралып жатқан вирустардан сақтану үшін толықтай санитарлық-медициналық бақылауда болмақ.